6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
68-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы хабарлама
1. Осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары жазбаша нысанда жасалатын хабарламалар және (немесе) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарындағы жарияланымдар арқылы, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы хабардар етіледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Кодекске сәйкес жолданатын хабарламада осы хабарлама жіберілген тұлға туралы мәліметтер, хабарлама жіберу үшін негіз, хабарламаның мазмұны, жіберуші туралы ақпарат, оның қол қоюы қамтылуға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес келмейтін хабарламаны жіберген тұлға, егер нақты мән-жайлар ескеріле отырып, осы сәйкессіздіктердің елеулі сипатта болмағынын дәлелдей алмаса, оның тиісті түрде жіберілгенін сылтау ету мүмкіндігінен айырылады.
Егер хабарламаны тұлғаның атынан және (немесе) мүдделерінде оның өкілі жіберген болса, хабарламада өкілдің өкілеттіктері туралы мәліметтер де қамтылуға тиіс. Осы бөліктің күші тиісті мемлекеттік органның құқықтық актілерінде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған лауазымдық өкілеттіктерге сәйкес әрекет ететін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қолданылмайды.
Хабарлама поштамен және (немесе) хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілуге тиіс.
Электрондық құжаттар нысанындағы немесе осы баптың 4-тармағына сәйкес электрондық байланыс құралдары пайдаланылатын хабарламалар жазбаша нысандағы хабарлама деп танылады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялау, сондай-ақ мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастыру арқылы мемлекеттік органдардың белгісіз және (немесе) белгілі бір тұлғалар тобына арналған хабарлауы жүзеге асырылады.
Осындай хабарламаларда айтылатын оқиғалар, егер осы Кодексте өзгеше мерзім көзделмесе, жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он бес күннен кейін туындауға тиіс.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Хабарлаулар ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып та жүзеге асырылуы мүмкін. Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып хабарлау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
Осы Кодекстің 47-бабының 3-тармағында, 50-бабының 1 және 4-тармақтарында, 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 4-тармағында, 133-бабының 2, 4 және 5-тармақтарында, 146-бабының 3-тармағында, 149-бабының 2-тармағында, 163-бабының 1 және 4-тармақтарында, 164-бабының 3-тармағында, 181-бабының 2, 4 және 5-тармақтарында көзделген хабарламалар, хабархаттар және хабарлар құзыретті орган айқындайтын тәртіппен жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы жіберіледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Осы Кодекстің 115-бабының 5-тармағында, 117-бабының 4-тармағында, 118-бабының 5-тармағында, 119-бабының 8-тармағында, 120-бабының 2-тармағында, 133-бабының 5-тармағында, 169-бабының 1-тармағында, 170-бабының 2-тармағында, 171-бабының 5-тармағында, 173-бабының 2-тармағында және 181-бабының 5-тармағында көзделген өтініштер мен ұсыныстар құзыретті орган айқындайтын тәртіппен жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы беріледі.
11-тарау. мемлекеттік Жер қойнауы қоры
69-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару
1. Мемлекеттік жер қойнауы қоры Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі пайдаланылатын жер қойнауы учаскелерін, сондай-ақ пайдаланылмайтын жер қойнауын құрайды.
2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына, оны осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларға сәйкес мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
70-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын молайту мақсатында әзірленеді.
2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы жер қойнауын пайдалану саласын дамыту перспективаларына талдау жасау негізінде және мыналар:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бекітілген құжаттары;
4) Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалардың тиісті түрлеріне және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдеріне қажетсінулері;
5) Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын пайдалы қазбалардың түрлері бойынша толықтыру және ұлғайту қажеттілігі;
6) өңірлердің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары;
7) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтері;
8) бір тұлғаның немесе бір мемлекеттің тұлғалары тобының жер қойнауын пайдалану құқықтарындағы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердегі жиынтық үлеске ие болуы туралы мәліметтер;
9) мемлекеттік жер қойнауы мониторингінің мәліметтері;
10) геологиялық ақпаратты жинақтап қорыту және талдау;
11) қолда бар инфрақұрылымның мүмкіндіктері ескеріле отырып әзірленеді.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында:
1) шегінде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланатын аумақтардың географиялық координаттары;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) шегінде жер қойнауы учаскелері:
пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру үшін;
аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін;
күрделі жобалар ретінде көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру үшін берілетін аумақтардың географиялық координаттары;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер аумақтарының географиялық координаттары;
4) қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жерлердің, елді мекендер аумақтарының, су қоры жерлері аумақтарының географиялық координаттары;
5) жер қойнауын басқарудың мемлекеттік саясатын іске асыру үшін қажетті өзге де мәліметтер қамтылады.
Осы тармақтың 1) - 5) тармақшаларында көзделген мәліметтермен қатар, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектерді барлау жəне өндіру немесе өндіру үшін ұлттық компанияға, сондай-ақ уранды кен орнында уранды барлау немесе өндіру үшін уран саласындағы ұлттық компанияға ғана берілуі мүмкін аумақты (аумақтарды) көрсетуді қамтуы мүмкін.
Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектер немесе уран саласындағы ұлттық компанияларға ғана берілуге тиіс аумақты көрсету мыналармен:
1) тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға жəне өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасу үшін - мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына тиісті аумақ енгізілген күннен бастап қатарынан үш жылмен;
2) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беру үшін - уранның кенденуі жəне (немесе) уран кенжатыны бар аумақтармен;
3) уран өндіруге арналған келісімшарт жасасу үшін уран кен орнының болуымен шектеледі.
Құзыретті орган осы тармақтың үшінші бөлігінің 1), 2) жəне 3) тармақшаларында көрсетілген аумақтарды аукцион негізінде үшінші тұлғаларға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аумақтар санатына:
1) көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға жəне өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасу үшін қатарынан үш жыл өткеннен кейін;
2) көмірсутектер немесе уран саласындағы ұлттық компаниялардың жер қойнауы учаскесінен (учаскесінің бір бөлігінен) бас тартуы, лицензияны кері қайтарып алу немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын тоқтату нəтижесінде оларға берілген жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылғаннан кейін алты ай ішінде мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы ауыстыруға тиіс.
4. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы көмірсутектерді барлау үшін берілетін жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды қамтиды.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізу кезінде құзыретті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалғандарға қарағанда, жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша неғұрлым жоғары болатын ең төменгі талаптарды белгілеуге құқылы.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Құзыретті орган осы баптың 3-тармағына сəйкес мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында осы мақсаттар үшін айқындалған аумақтарда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға өзгеше түрде беруге құқылы емес.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауы учаскелері жөніндегі мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы бекітілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде ашық қолжетімділікте жариялайды.
Ашық қолжетімділікте жариялануға жататын, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауы учаскелері жөніндегі мәліметтердің тізбесі мен құрамын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган құзыретті органмен бірлесіп бекітеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы құзыретті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде ашық қолжетімділікте орналастырылады.
71-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін есепке алу
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін есепке алу мақсатында:
1) Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу;
2) мемлекеттік жер қойнауы мониторингі;
3) геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, жүйеге келтіру, жинақтап қорыту және талдау жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауының жай-күйі туралы мәліметтер жер қойнауын геологиялық зерттеудің нәтижелеріне, сондай-ақ геологиялық ақпаратқа, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептерге және өзге де құжаттарға негізделеді.
72-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры:
1) пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу, олардың көрініс табуы туралы және жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтерді;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеу, көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, сондай-ақ кен іздеушілік үшін пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелері туралы мәліметтерді;
3) көмірсутектерді және пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің, кен іздеушіліктің, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жойылған объектілері туралы мәліметтерді;
4) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың жұмыс істеп тұрған объектілерін мемлекеттік есепке алу туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың кен орындары, негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы, олардың құрамындағы құрауыштар, өнеркәсіптік маңызы бар кен орнының тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да сипаттамалары, олардың орналасуы, зерттелу дәрежесі, өнеркәсіптік игерілу дәрежесі, өндіру, шығындар, өнеркәсіптің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілуі туралы, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру немесе олардың ресурстарын және (немесе) қорларын қайта бағалау нәтижесінде есепті жылда пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалаудағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтиды.
Пайдалы қазбалардың әрбір көрініс табуы бойынша пайдалы қазбалардың болжамды (перспективалы) ресурстары, олардың көрініс табуының гидрогеологиялық және басқа да сипаттамалары туралы геологиялық-экономикалық деректер тіркеледі.
Жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтер жер қойнауы қуысының орналасу координаттары мен сипаттамалары туралы, оларда өндірістік, шаруашылық және басқа да объектілер мен заттардың орналасу, оларда технологиялық және өзге де процестерді жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы деректерді қамтиды.
3. Жер қойнауының әрбір учаскесі бойынша кеңістік шекараларда жер қойнауы учаскелерін айқындауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру сипаттамалары, оның мөлшері мен орналасқан жері, жер қойнауын пайдаланушы, жер қойнауын пайдалану құқығы солардың негізінде берілген құжаттар туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдалану құқығының кепілі туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептілік және өзге де құжаттама, геологиялық ақпарат тіркеледі.
4. Көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің жойылған объектілері туралы мәліметтерге жойылған өндіру объектілерін орналастыру жоспарлары, жою актілері және өндіру салдарын жою туралы басқа да деректер жатады.
5. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтерін қалыптастыру жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу, мониторинг жүргізу, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептілік және өзге де мәліметтер есебінен қамтамасыз етіледі.
6. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алу бойынша ақпаратты мемлекеттік органдарға олар белгілеген тәртіппен ұсынады.
7. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының жай-күйін өзі бекітетін тәртіппен есепке алу мақсатында жүзеге асырады.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
8. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді енгізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы Кодекстің ережелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8-1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезінде ысырапты есепке алу тау-кен жұмыстарының жоспарына қосымша болып табылатын кен орындарын əзірлеудің техникалық жобаларында көзделген нормаланатын ысыраптар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кен орындарын əзірлеудің техникалық жобалары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен оның бекітуіне жатады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган нормаланатын ысыраптар туралы деректері бар кен орнын əзірлеудің техникалық жобасы жəне негіздеуші құжаттар ұсынылғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға нормаланатын ысыраптар мөлшері бойынша негізделген қарсылық жіберуге құқылы. Осындай қарсылық көрсетілген мерзімде жіберілген жағдайда нормаланатын ысыраптарды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган ұқсас жобалар бойынша нормаланатын ысыраптар туралы қолда бар деректер негізінде не бұрын ұсынылған мəліметтерге сүйене отырып, дербес айқындайды.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
9. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар және минералдық қорлар туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес құзыретті тұлға дайындаған және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепте қамтылған ресурстар мен қорлар бойынша деректер пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға мынадай тәртіппен енгізілуге жатады:
1) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есеп күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады;
2) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті қабылдау және пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу туралы немесе пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті оған уәжді қарсылықпен қайтару туралы шешім қабылдауға тиіс;
3) егер уәкілетті орган осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті уәжді қарсылықпен қайтарса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға өтініш беруші немесе жер қойнауын пайдаланушы оны пысықтауға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қарсылығына шағым жасауға құқылы;
4) егер пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепте жүргізілген өндіруді және ысырапты ескере отырып, ресурстардың шамасы бұрын бекітілген өнеркәсіптік санаттар қорларына қатысты жиырма бес пайыздан астам азайған болса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыны, пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті дайындаған және тексерген құзыретті тұлғаларды осындай өзгерістердің негізділігі тұрғысынан тыңдауды жүргізеді және пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға қабылдау туралы немесе қабылдаудан бас тарту туралы уәжді қорытынды шығарады. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қорытындысына мүдделі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
Жер қойнауын пайдаланушыны, пайдалы қатты қазбалардың ресурстары және (немесе) қорлары туралы есепті дайындаған және тексерген құзыретті тұлғаларды тыңдау жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізіледі.
73-бап. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі
2022.21.12. № 167-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету және олардың өзгерістерін уақтылы анықтау, келеңсіз процестер салдарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін, оның ішінде Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдаланып байқау жүйесін білдіреді.
2. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингін жүзеге асыру тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
74-бап. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу
2022.21.12. № 167-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жүйелі өңірлік геологиялық зерттеулерді, Жерді қашықтан зондтау әдістері пайдаланылатын зерттеулерді, геологиялық түсіру жұмыстарын, кешенді геологиялық ақпарат алу және жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негізін құрайтын геологиялық карталар жасау мақсатында аэро- және (немесе) ғарыштық сейсмологиялық мониторингті; пайдалы қазбаларды іздестіру мен бағалауды, жер қойнауы жай-күйінің мониторингін, құрылысқа арналған инженерлік-геологиялық ізденулерді; жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді, жер қабатын және ондағы процестерді, пайдалы қазбалар көріністерін және жер қойнауының өзге де ресурстарын зерттеу мақсатында жүргізілетін өзге де жұмыстарды қамтуы мүмкін жұмыстар кешені жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу болып табылады.
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұйымдастырады және жүргізеді. Елді мекендерді шаруашылық сумен және ауызсумен жабдықтау, жерді суару, техникалық тұрғыдан сумен жабдықтау үшін жерасты суларына және минералдық термалды суларға арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
3. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мен мердігер арасында жасалатын шарттың негізінде жүргізіледі.
4. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу аумағы және жұмыс түрлері шартта айқындалады.
5. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу Қазақстан Республикасының барлық аумағында, оның ішінде осы Кодекске сәйкес жекеше тұлғаларға пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелерінің аумағында жүргізілуі мүмкін. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыратын тұлғалардың қалыпты қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу жоспарланып отырған аумақ мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында жұмыстардың мақсаттары, міндеттері және сипаты көрсетіле отырып айқындалады.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу кезінде пайдалы қазбаларды іздестіру мен бағалау аумағы шегінде пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін, сондай-ақ кен іздеушілік үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға беруге жол берілмейді.
7. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері жұмыстарды қабылдап алу күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей, ашық қолжетімділікке ұсынылады.
8. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын геологиялық барлау кезеңділігінің қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
1. Кез келген жеткізгіште тіркелген және осындай мәліметтерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар жер қойнауы мен олардың учаскелерінің,кен орындарының және пайдалы қазбалар көріністерінің заттай құрамы, геологиялық құрылысы мен тарихы, геологиялық, геохимиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық және тектоникалық ерекшеліктері туралы мәліметтер геологиялық ақпарат болып табылады.
Геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштеріне бұрғылау ұңғымаларының керндері, пайдалы қазбалардың, көмірқышқылды газдардың, меркаптандардың, судың сынамалары, жыныстар мен минералдардың үлгілері, тас материалдың сынамалары мен коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар жатады.
Геологиялық ақпараттың жасанды жеткізгіштеріне далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқауларды тіркеу журналдары, геологиялық есептер, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есептер, пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есептер, бастапқы далалық деректердің және геологиялық ақпаратты өңдеу, түсіндіру, талдау және жинақтап қорыту нәтижелерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері жатады.
2. Геологиялық ақпарат, егер ол бюджет қаражаты есебінен алынса немесе осы Кодекске сәйкес мемлекет меншігіне берілген болса, мемлекеттік меншікте болады (мемлекеттік геологиялық ақпарат).
Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен алынған геологиялық ақпарат жеке меншікте болады (жекеше геологиялық ақпарат).
Осы Кодексте көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарға ұсынылатын геологиялық есептілікте және өзге де құжаттамада қамтылатын жекеше геологиялық ақпарат мемлекетке мерзімсіз иеленуге және пайдалануға беріледі.
3. Меншіктегі, сондай-ақ мемлекет иеленуі мен пайдалануындағы геологиялық ақпаратты есепке алуды, сақтауды, жүйеге келтіруді, жинақтап қорытуды және беруді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.